2025 жылғы 22-мамыр күні, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде (БҚИТУ) Karachaganak Petroleum Operating B.V. (КПО) компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Аталған іс-шараның басты мақсаты — университет пен өндірістік сала арасындағы әріптестікті дамыту, студенттерге кәсіби бағдар беру және еңбек нарығындағы өзекті талаптармен таныстыру болды.

Кездесуге КПО компаниясы тарапынан кадрлық қамтамасыз ету, оқыту, корпоративтік басқару және аударма қызметі салаларындағы жетекші мамандар қатысты:

  • Киндербаева Альбина – Кадрлық қамтамасыз ету және еңбек ресурстарын жоспарлау бөлімінің бастығы
  • Кульпердисова Альбина, Жасуланова Жанбота – Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау жөніндегі мамандар
  • Аябова Алина – Қызметкерлерді оқыту жөніндегі жетекші маман
  • Уивер Дрю – Корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі директор
  • Асқар Алмаз – Аударма қызметтерін көрсету бөлімі менеджері
  • Бисенова Жанаргүл, Есполов Тілекқабыл – Техникалық әдебиеттің жетекші және аға аудармашылары

Іс-шара аясында БҚИТУ-дың Білім және менеджмент институтының, Шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының «Аударма ісі» білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан 3 және 4 курс білім алушыларымен арнайы кездесу өткізілді.

Кездесу барысында компания қызметі, аудармашыларға қойылатын кәсіби талаптар, өндірістік тәжірибе мен тағылымдамалық бағдарламалар туралы жан-жақты ақпарат берілді. КПО компаниясының корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі директоры Уивер Дрю компанияның жалпы құрылымы, ішкі басқару жүйесі және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы кең көлемді ақпарат ұсынды. Ол студенттерге көпұлтты ортада жұмыс істеудің ерекшеліктері мен болашақ мамандарға қойылатын талаптар жайлы да айтып өтті. Бұл студенттер үшін өндірістік ортада табысты жұмыс істеу жолдарын нақты түсінуге үлкен мүмкіндік берді.

Кездесу барысында әр бөлімнің мамандары өз қызмет бағыттары бойынша студенттерге егжей-тегжейлі таныстырылым жасап, компаниядағы кәсіби бағыттар, талаптар мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Аябова Алина, білім алушылар үшін өндірістік тәжірибеден өту және тағылымдамадан өту бағдарламалары туралы кеңінен ақпарат берді. Ол тәжірибе барысында студенттер нақты жобаларға қатысып, кәсіби ортада білімдерін қолдануға мүмкіндік алатынын атап өтті.Сондай-ақ, аударма бөлімі өкілдері техникалық аударма ерекшеліктері, үш тілді ортада жұмыс істеу талаптары және кәсіби құзыреттіліктер туралы ақпаратпен бөлісті.

Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, компания өкілдерінен нақты әрі пайдалы жауаптарын алды. Белсенділік танытқан студенттерге компания тарапынан естелік сыйлықтар табысталды, бұл шараға ерекше көңіл-күй мен мотивация сыйлады. Практикадан өткен білім алушылар өз нәтижесімен бөлісіп,алғыстарын айтты.

Кездесу нәтижесінде БҚИТУ мен КПО компаниясы өзара ынтымақтастықты жалғастыруға, студенттерге тәжірибе және мансаптық даму мүмкіндіктерін ұсынуға бел буды. Мұндай кездесулер студенттер үшін кәсіби бағдар алудың және өз мүмкіндіктерін нақты бағалаудың тиімді алаңы болып табылады.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz