2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Осы тарихи-құқықтық оқиғаға орай Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Жаңа Конституция – әділетті Қазақстанның құқықтық негізі» тақырыбында ғылыми-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар мен қызметкерлер қатысты.
Іс-шараны университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Б.Т. Шакешев құттықтау сөзімен ашып, оның жұмысын жүргізді. Өз сөзінде ол жаңа Конституцияның мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесінің берік іргетасы әрі қоғамның болашақ даму бағытын айқындайтын негізгі құқықтық құжат екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияның 2026 жылғы 1 шілдеден бастап заңды күшіне енуі – Қазақстанның құқықтық және саяси дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің бастауы. Осы күннен бастап 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясының қолданысы тоқтатылып, елде жаңа конституциялық құқықтық тәртіп өз жұмысын бастады. Сонымен қатар, бүгінгі дөңгелек үстелдің басты мақсаты – жаңа конституциялық реформалардың мазмұны мен мәнін ғылыми тұрғыдан жан-жақты талқылау, олардың құқықтық, саяси және әлеуметтік маңызын саралап, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу екені айтылды. Бұл басқосу ғалымдар мен сарапшылардың тәжірибе бөлісіп, жаңа құқықтық реформалардың қоғамға ықпалын кеңінен зерделеуіне мүмкіндік беретін маңызды алаң ретінде бағаланды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті (БҚИТУ) жаңа ғылыми бастамалар мен озық ой-пікірдің орталығы ретінде еліміз үшін өзекті мәселелерді талқылауға, ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуге және қоғамдық маңызы зор реформаларды жан-жақты зерделеуге әрдайым дайын екені атап өтілді.
Университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, экология магистрі А.И. Абекешев өз баяндамасында жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновация салаларының ұлттық дамудың стратегиялық басым бағыттары ретінде айқындалғанына назар аударды. Ол аталған өзгерістердің елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға және жоғары білім беру жүйесін дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.
«Құқық» кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Т.Х. Рахметов жаңа редакциядағы Конституция мазмұнының шамамен 85 пайызы жаңартылғанын айтып, құжаттың қоғамның қазіргі даму талаптарына сай әзірленгенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда ұлттық сана мен бірегейлікті нығайтуға, мәдени мұраны сақтауға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың заманауи тетіктерін жетілдіруге ерекше басымдық берілген. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы, жасанды интеллектіні құқықтық реттеу және ұлттық мүддені қорғау мәселелері де кеңінен қамтылған.
«Құқық» кафедрасының аға оқытушысы Е.А. Карагойшиев өз баяндамасында жаңа Конституцияға сәйкес адвокатураның мәртебесі конституциялық деңгейде бекітіліп, азаматтардың сот арқылы қорғану құқығының күшейтілгенін атап өтті. Сондай-ақ Конституциялық Сотқа азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын шектейді деп есептейтін заңдар мен нормативтік құқықтық актілерге тікелей шағымдану мүмкіндігі берілгенін айтып, бұл өзгерістер құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың конституциялық кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын жеткізді.
Іс-шара соңында университет ректоры Б.Т. Шакешев жас ғалымдарды жаңа Конституцияның нормаларын ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеуге шақырып, оның құқықтық ғылымды дамытудағы және құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы ерекше маңызын атап өтті.
Мұндай тағылымды кездесулер қоғамда конституциялық құндылықтарды дәріптеуге, заңға құрмет пен құқықтық сананы нығайтуға, сондай-ақ жаңа Конституцияның мәні мен мазмұнын кеңінен түсіндіруге ықпал етеді.



