Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Білім және менеджмент институтында Ұлыстың ұлы күні тойланды. Мерекелік шара 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай «Дене мәдениеті және информатика» кафедрасының ұйымдастыруымен спорттық ойындармен басталды. Қатысушылар ләңгі тебу, таяқ тарту (мас-рестлинг), арқан тарту, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойындарда бақтарын сынап, үздіктері марапатталды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Ғылыми жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі проректор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жұбантаев Ізімғали Нұрымұлы университет әкімшілігі атынан құттықтау сөз сөйлеп, жаңа жылда жаңа ізденістер мен табыс тіледі.
Шара барысында қазақ халқының өнері дәріптеліп, ұлттың бай мұрасы – салт-дәстүрі көріністер арқылы көрсетілді. «Педагогика және психология» кафедрасы «Босаға майлау» ырымымен таныстырса, қазақтың келін түсіргенде жасалатын «Беташар» салтын «Шетел тілі және аударма ісі кафедрасы» көрсетті. «Қаржы және экономика» кафедрасы жаңа туған сәбиді жеті күннен кейін бесікке салып, оның құлағына азан шақырып, ат қою салтын жоғары деңгейде жеткізді. Концерттік бағдарлама студенттердің әнімен, «Шанақ үні» ансамблінің күйлерімен және «Ару» бишілер тобының қазақ биімен әрленіп, көрермендердің көңілінен шықты. Университет құрылтайшысы, тарих ғылымдарының докторы Шинтимирова Баян Габбасқызы қорытынды сөз сөйлеп, соңында жиналған қауым дастарханнан дәм татып, арнайы дайындалған ұлттық көжеден ауыз тиді.




