2026 жылғы 12-маусымда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Білім және менеджмент институтында түлектерге диплом табыстау салтанатты кеші өтті. Биыл институт бойынша 70 магистрант пен 171 бакалавр жоғары білім мен ғылым жолындағы маңызды кезеңді аяқтап, үлкен өмірге қадам басты.

Салтанатты шара университет жанынан құрылған оқытушылар мен студенттерден құралған хор ұжымының орындауындағы университетіміздің 25 жылдығына орай арнайы жазылған «Батыстың білім мекені» атты әнұранмен ашылды.

Бұл күн — университет өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі әрі жас мамандар үшін ерекше маңызға ие тарихи сәт. Университет қабырғасында білім алған жылдар ішінде түлектер таңдаған мамандықтары бойынша кәсіби құзыреттерді меңгеріп, ұстаздар тәлімін алып, жаңа өмір кезеңіне қадам басты.

Салтанатты кештің алғашқы құттықтау сөзін Қазақстан Республикасы ғылым Академиясының құрметті академигі, профессор, университет құрылтайшысы Тұяқбай Зейітұлы Рысбеков сөйлеп, түлектерге ізгі тілегін арнады. Ол дипломның жас мамандардың білім жолындағы қажырлы еңбегі мен табандылығының, жауапкершілігі мен мақсатқа деген берік ұстанымының нақты нәтижесі екенін атап өтті. Сондай-ақ Тұяқбай Зейітұлы түлектерге ақ жол тілеп, ықылас гүл шоқтарын табыстады.

Келесі кезекте университет ректоры, т.ғ.к. Б.Т. Шакешев бітіруші түлектерді құттықтап, оқу озаттарына, университет өміріне белсене араласқан, халықаралық додаларда, ғылыми-практикалық конференциялар мен форумдарда, мәдени-көпшілік іс-шараларда жоғары белсенділік танытып, білім ордасының абыройын асқақтатқан бір топ түлекке алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.

Білім және менеджмент институтының директоры, т.ғ.д., профессор Ә.С. Тасмагамбетов магистратура түлектеріне диплом табыстап, жас мамандарға кәсіби жолында табыс тіледі.

Шара барысында институт кафедраларының меңгерушілері де түлектерді құттықтап, диплом табыстау рәсіміне қатысты. Атап айтқанда, «Филология және оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.Б. Кайров, «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Н.Ж. Султангалиева, «Қаржы және экономика» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының магистрі Ш.Д. Салимбаева, «Дене мәдениеті және информатика» кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор, қауымдастырылған профессор А.Б. Арыстанова, «Тарих және құқық» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ж.Т. Ерназаров, сондай-ақ «Шетел тілдері және аударма ісі» кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі А.А. Файзуллиева түлектерге ізгі тілектерін білдірді.

Диплом табыстау салтанаты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кеш барысында өңірімізге танымал өнерпаздар түлектерге арнап әсем әндерін орындап, ақжарма тілектерін жеткізді.

Университет ұжымы жас мамандарға алдағы кәсіби жолында сәттілік, биік жетістіктер мен жарқын болашақ тілейді.

 

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz