2026 жылғы 17 маусымда Х. Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында Орал қаласындағы Америкалық бұрыштың 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Мерейтойлық іс-шараға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, экономика ғылымдарының кандидаты, бірінші проректордың міндетін атқарушы, оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Самал Амангелдіқызы Машанова, Білім және менеджмент институтының ғылыми жұмыс және цифрландыру департаменті басшысының орынбасары Бақыт Әділгерейқызы Уразова және шетел тілдері мен аударма ісі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Екатерина Васильевна Тихонюк университет атынан қатысып, құттықтау лебіздерін білдірді.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен Америкалық бұрыш арасындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан серіктестік өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып табылады. Осы ынтымақтастық аясында халықаралық байланыстарды нығайтуға, жастардың тілдік және мәдени құзыреттерін дамытуға бағытталған бірқатар білім беру, мәдени-ағартушылық және әлеуметтік маңызы бар жобалар табысты жүзеге асырылып келеді.
Іс-шара барысында университетке АҚШ-тың Астана қаласындағы Елшілігінің мәдениет мәселелері жөніндегі қызметкері Колин Гардтың атынан алғыс хат табысталды. Бұл марапат университеттің халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін және бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы белсенді қызметін жоғары бағалаудың айқын көрінісі болып табылады.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті алдағы уақытта да халықаралық серіктестермен өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге және жастардың сапалы білім алуына бағытталған бастамаларды қолдауға ниетті.


