2026 жылдың 22-қаңтарында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Жоғары білім беру жүйесінде академиялық адалдық нормаларын, педагогикалық әдеп қағидаларын және ғылыми әдеп принциптерін сақтау бойынша профессор-оқытушылар құрамының жауапкершілігі» тақырыбындағы семинар өтті.

Іс-шараға университет басшылығының өкілдері мен БҚИТУ-дың профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Семинардың мақсаты – академиялық адалдық, педагогикалық және ғылыми әдеп нормаларын сақтау бойынша талаптарды түсіндіру мен талқылау, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін жетілдіру жағдайында ПОҚ-тың білім беру және ғылыми қызмет сапасы үшін жауапкершілігін арттыру.

Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету: жай-күйі және даму перспективалары» атты жыл сайынғы форумының материалдарымен танысты. Форумның тақырыптық сессияларының қорытындысы бойынша университет проректорлары баяндама жасады.

Бірінші және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Машанова Самал Амангелдіқызы «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласын мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру және сапаны қамтамасыз ету» сессиясының материалдарымен таныстырды.

Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Жұбантаев Изімғали Нұрымұлы «Ғылыми қызмет нәтижелерінің сапасын бағалау: жаңа тәсілдер» сессиясының материалдарын баяндады.

Тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Абекешев Аянбек Иманбайұлы «Жоғары білім беру жүйесіндегі академиялық адалдық нормалары мен педагогикалық этика» атты баяндамасында әдеп стандарттарын сақтау мәселесіне баса назар аударды.

Семинар аясында қауымдастырылған профессор Қажиақпарова Жадыра Серікқызы «Ғылыми зерттеулерде ЖИ қолданудың этикалық негіздемесі» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде ол ғылыми зерттеулерде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық принциптері мен шектеулерін, зерттеушілердің жауапкершілігін, сондай-ақ цифрлық және зияткерлік технологияларды пайдалану кезінде академиялық адалдық нормаларын сақтау мәселелерін қарастырды.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар академиялық адалдықтың тұрақты мәдениетін қалыптастырудың, білім беру бағдарламаларын іске асыру мен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде әдеп принциптерін сақтаудың маңыздылығын, сондай-ақ академиялық әдеп бұзушылықтардың жүйелі алдын алу қажеттілігін атап өтті.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz