2026 жылғы 12-маусымда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Білім және менеджмент институтында түлектерге диплом табыстау салтанатты кеші өтті. Шара барысында университет жанынан оқытушылар мен студенттерден құралған хор ұжымының орындауындағы университетіміздің 25 жылдығына орай арнайы жазылған « Батыстың білім мекені» атты әнұранмен ашылды.
Бұл күн — университет өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі әрі жас мамандар үшін ерекше маңызға ие тарихи сәт. Университет қабырғасында білім алған жылдар ішінде түлектер таңдаған мамандықтары бойынша кәсіби құзыреттерді меңгеріп, ұстаздар тәлімін алып, жаңа өмір кезеңіне қадам басты.
Салтанатты кештің алғашқы құттықтау сөзін Қазақстан Республикасы ғылым Академиясының құрметті академигі, профессор, университет құрылтайшысы Тұяқбай Зейітұлы Рысбеков сөйлеп, түлектерге ізгі тілегін арнады. Ол дипломның жас мамандардың білім жолындағы қажырлы еңбегі мен табандылығының, жауапкершілігі мен мақсатқа деген берік ұстанымының нақты нәтижесі екенін атап өтті. Сондай-ақ Тұяқбай Зейітұлы түлектерге ақ жол тілеп, ықылас гүл шоқтарын табыстады.
Келесі кезекте университет ректоры, т.ғ.к. Б.Т. Шакешев бітіруші түлектерді құттықтап, оқу озаттарына, университет өміріне белсене араласқан, халықаралық додаларда, ғылыми-практикалық конференциялар мен форумдарда, мәдени-көпшілік іс-шараларда жоғары белсенділік танытып, білім ордасының абыройын асқақтатқан бір топ түлекке алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.
Білім және менеджмент институтының директоры, т.ғ.д., профессор Ә.С. Тасмагамбетов магистратура түлектеріне диплом табыстап, жас мамандарға кәсіби жолында табыс тіледі.
Диплом табыстау салтанаты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Университет ұжымы жас мамандарға алдағы кәсіби жолында сәттілік, биік жетістіктер мен жарқын болашақ тілейді.









