Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алып жүрген колледж студенттеріне арналған кәсіптік бағдар беру кездесуі өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ талапкерлерді университеттің білім беру мүмкіндіктерімен таныстыру, жоғары білім алудың артықшылықтарын түсіндіру және кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға ықпал ету болды.
Кездесу барысында университет оқытушылары колледж студенттеріне жоғары оқу орнында жүзеге асырылатын 6B04202 – «Құқықтану» білім беру бағдарламасының мазмұны, құрылымы және кәсіби бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, колледжді тәмамдағаннан кейін университетте білім алудың артықшылықтары, оқу үдерісінің ерекшеліктері, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу мүмкіндіктері, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, тәжірибелік дайындық және болашақ еңбек нарығындағы кәсіби мүмкіндіктер жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара аясында студенттер университеттің оқу-тәжірибелік базасымен танысты. Атап айтқанда, криминалистика зертханасында қылмыс орнын қарау әдістемесі, дәлелдемелерді жинау және тіркеу тәсілдері, криминалистикалық құрал-жабдықтардың қолданылу ерекшеліктері көрсетілді. Мұндай тәжірибелік таныстырулар құқық саласында кәсіби дағдыларды қалыптастырудың маңызын түсіндіруге бағытталды.
Сонымен қатар, білім алушылар оқу сот процесінің үлгісін тамашалап, сот өндірісінің негізгі кезеңдерімен танысты. Бұл формат студенттерге болашақ құқық қорғау және сот жүйесіндегі кәсіби қызметтің мазмұнын тәжірибелік тұрғыда түсінуге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында колледж студенттері университетте оқу мүмкіндіктері, білім беру бағдарламаларының мазмұны, академиялық және кәсіби даму бағыттары туралы толық ақпарат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Аталған кәсіптік бағдар беру жұмыстары колледж бен университет арасындағы білім беру сабақтастығын нығайтуға, талапкерлердің кәсіби таңдауын саналы түрде қалыптастыруға және құқық саласында білікті мамандар даярлау ісін жетілдіруге бағытталған.

