2026 жылдың 05-06 мамыр күндері институттың кәсіби бағдар беру жұмыстары жоспарына сәйкес, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Салалық технологиялар институты ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасының қауымд. профессоры, в.ғ.к. А.К. Днекешев жетекшілігімен Шыңғырлау ауданында орнында кәсіби бағдар беру жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шара аясында Л. Қлышев атындағы Шилі орта мектебі мен Шыңғырлау орта мектебі түлектерімен кездесулер өткізілді. Кәсіби бағдар беру жұмысының негізгі мақсаты – мектеп бітіруші түлектерді болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға, білімін жалғастыру бағытын айқындауға және кәсіби тұрғыда өзін-өзі анықтауға даярлау.

Л. Қлышев атындағы Шилі орта мектебінде кәсіби бағдар беру жұмысына жауапты Даметкен Төлегалиевамен бірлесе отырып, 11-сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылды. Іс-шараға төрт сыныптан барлығы 35 түлек қатысты. Ал Шыңғырлау орта мектебінде кәсіби бағдар беру жұмыстары жауапты маман Ислу Қуанышевамен бірлесіп жүргізіліп, кездесуге үш бітіруші сыныптан 24 оқушы қатысты.

Кездесу барысында оқушыларға университеттің қызметі, білім беру бағдарламалары және жоғары білім алудың болашағы туралы таныстырылым өткізілді. Сонымен қатар, білім беру бағдарламалары жөніндегі бейнероликтер көрсетілді. Әсіресе, ҰБТ-ға дайындық, өту балдарының мөлшері, оқуға түсу шарттары және сұранысқа ие мамандықтар жөніндегі мәселелерге ерекше назар аударылды. Түлектер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, университетте білім алу мүмкіндіктеріне белсенді қызығушылық танытты. Кездесу соңында қатысушыларға мамандықтар, қабылдау ережелері және жоғары оқу орнында білім алудың артықшылықтары туралы ақпараттық буклеттер таратылды.

Жүргізілген кәсіби бағдар беру жұмыстары түлектердің кәсіби білім беру мүмкіндіктері туралы ақпараттануын арттырып, таңдаған мамандықтарына деген қызығушылықтарын қалыптастыруға және мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті. Осындай іс-шаралар жастардың кәсіби өзін-өзі анықтау үдерісінде маңызды рөл атқарып, болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz