2026 жылдың 11-наурызында педагогика және психология кафедрасының аға оқытушылары Ж.Е.Кадыржанова, Г.А.Жумагулова, В.В.Лукпанова, А.Б.Султановтың ұйымдастыруымен «Психолог қызметі» атты интерактивті көрме өтті. Көрменің мақсаты – студенттерде психологтың кәсіби қызметі туралы заманауи ғылыми тәсілдер, теориялар мен тәжірибелер контекстінде тұтас түсінік қалыптастыру, сондай-ақ мамандыққа деген қызығушылықты арттыру.
Көрме бағдарламасы интерактивті алаң форматында өтіп, білім алушыларға психологиялық қызметтің мазмұны мен ерекшеліктерін тәжірибелік тұрғыдан танып білуге мүмкіндік берді. Көрме аясында психология саласының әртүрлі кәсіби бағыттары кеңінен ұсынылды. Атап айтқанда, медициналық, практикалық, педагогикалық және арнайы психология, сондай-ақ әскери, құқықтық, пенитенциарлық психология және төтенше жағдайлар психологиясы салалары бойынша арнайы таныстырылымдар ұйымдастырылды. Әр бағыт бойынша ұсынылған материалдар мен көрнекіліктер студенттерге аталған салалардың қызмет ерекшеліктерін, кәсіби міндеттері мен қоғамдағы рөлін жан-жақты түсінуге мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында шақырылған психолог мамандардың тәжірибесінен келтірілген практикалық мысалдар ерекше қызығушылық тудырды. Бұл мысалдар студенттерге кәсіби қызмет барысында кездесетін нақты жағдайларды түсінуге, теориялық білімді практикалық тәжірибемен ұштастыруға және психолог қызметінің әлеуметтік маңыздылығын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, шақырылған мамандардың қатысуымен шеберлік сабақтары өткізілді. Онда инклюзивті білім беру жағдайында психолог пен дефектологтың бірлескен жұмысының әдіс-тәсілдері көрсетіліп, педагог-психолог қызметінде фокус-топ әдісін қолданудың ерекшеліктері таныстырылды және ішкі үйлесімділікке қол жеткізу мен психологиялық денсаулықты сақтау жолдары қарастырылды. Мамандармен өзара қарым-қатынастың ашық, әрі еркін форматы сенімді атмосфераның қалыптасуына ықпал етіп, студенттердің шеберлік сағаттарына белсенді қатысуына мүмкіндік берді.





