Ветеринарияны дамытуда кадрлар маңызды рөл атқарады – олардың кәсіби біліктіліктеріне ветеринариялық қызметтін ұйымдастыру, мал шаруашылығына және агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да салаларына ветеринариялық қызмет көрсету, ветеринариялық мамандардың жұмысын ұйымдастыру нысандары мен әдістері, ветеринариялық іс экономикасы, ветеринариялық статистиканың әдістері мен тәсілдері мәселелері бойынша кәсіби білімдерінің, іскерліктері мен дағдыларының деңгейін арттыру жатады.
ҚР Заңының жобасында, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр, осы өзгерістер ветеринария саласында кадрлар даярлау және мамандардың біліктілігін арттыру пункттердің бірі болып табылатындығы кездейсоқ емес.
Осы жобаны іске асыру мақсатында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің, ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу орталығының базасында 2022 жылғы 21-25 қараша аралығында «Ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларын диагностикалау, емдеу, және алдын алу бойынша ветеринариядағы инновациялық әдістер» тақырыбында Маңғыстау облысының ауылдық округтерінің практикалық ветеринариялық мамандары мен БҚИТУ-дың, инженерлік-гуманитарлық факультеттінің, 6В09103 «Ветеринария» білім беру бағдарламасының студенттері үшін ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасының ұйымдастыруымен біліктілікті арттыру курсы өткізілді. Бұндай біліктілікті арттыру курсы бұған дейін Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының ветеринариялық станцияларының басшылары мен мамандары үшін ұйымдастырылып, өткізілген болатын.
Біліктілікті арттыру курсы кезінде теориялық және практикалық оқу сабақтарын облысқа және республикаға белгілі ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Байтлесов Е.У., ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Абсатиров Г.Г., ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Шалменов Ш.М., биология ғылымдарының докторы, профессор Қанатбаев С.Г., ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Денекешев А.К. жүргізді.
Біліктілікті арттыру курстарына Маңғыстау облысының ауылдық округтерінен 35 ветеринар маманы және 6В09103 «Ветеринария» білім беру бағдарламасының 4 студенті біліктілігін арттырды. Курс аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға салтанатты жағдайда біліктілікті арттыру курсынан өткені туралы сертификаттар табыс етілді.


