Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарының арасында 07.10.-06.12.2024 аралығында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті ұйымдастыруымен Педагогикалық қызметкерлердің ақпараттық мәдениетін, олардың кәсіби деңгейін, педагогикалық және компьютерлік ақпараттық технологияларын пайдалану дағдыларын арттыру, педагогтердің белсенділігін, дербестігін, креативтілігін және шығармашылық ізденісін ынталандыру мақсатында «Педагогтің кәсіби шеберлігі» республикалық онлайн байқауы болып өтті. Байқауға еліміздің барлық өңірінен педагогтер қатысты.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілері, орта білім беру мектептерінің мұғалімдері, техникалық және кәсіптік білім беру және Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының оқытушылары қатынасқан додаға барлығы 57 педагог қатысты. Ұстаздар «Менің портфолиом – педагогикалық бейнем» педагогтің портфолиосын бағалау, «Педагогикалық шеберлік қоймасы» ашық бейне-панорамалық сабағы, әдістемелік өзекті мәселенің теориялық және практикалық жағының талдауын, сабақ беруде қолданған әдістемелік әдіс-тәсілдері мен заманауи технологияларына талдау жасалған мақала жазу шарттары бойынша жарысқа түсті.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар, жүлдегерлер анықталды. Байқауға қатысқан Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Г.Б.Калкенова педагогикалық шеберлігінің, жетістіктерінің өзгеру динамикасын зерделеуге мүмкіндік беретін додада «Үздік презентация» номинациясымен марапатталды. Ұстазға алда педагогикалық шабыт пен шығармашылық тілейміз.
