2023 жылдың 6 сәуірінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде Педагогика факультетінің жас оқытушылар құрамымен «Өсу жолы: оқытушыдан – профессорға дейін» тақырыбында кездесу өтті. Ғылым қызметкерлері күніне арналған аталмыш шараның қонағы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бахишева Светлана Мендіғалиқызы болды. Кездесу барысында ғалым өзінің студенттік кезеңінің қызықтарымен бөлісті. Светлана Мендіғалиқызының оқу – ағарту саласында мектеп мұғалімінен бастап, мектеп басшысына дейінгі еңбек жолындағы менеджерлік қабілеті мен жаңашылдығымен танылған педагог, сонымен қатар, ұлттық мектептеріне сыни ойлау технологиясын енгізу, әдістемелік тұрғыдан қолдау, жаңа типтегі мектептерді дамытуда сіңірген еңбектері ерекше екені аталды.
Мектеп, колледж директоры, ЖОО проректоры, сондай-ақ, қоғамдық қызметтерді абыроймен атқарған тұлғаның өз ұстазы – педагогика ғылымының докторы, профессор А.М.Мухамбетжановаға деген ерекше құрметін білдіруі қатысушылардың ықыласын тудырды. Светлана Мендіғалиқызы білім саласындағы ғана емес, жанұядағы бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдарын жас оқытушыларға кеңес ретінде білдірді. Ғалымның ғылым жолына келуі, ғылымды тәжірибемен ұштастыруы, қиындықтарды жеңудегі жанкештілігі, нәтижеге қол жеткізе білу қабілеті жас мамандарға шабыт пен мотивация берері сөзсіз.
