2026 жылдың 24 сәуірінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Дене мәдениеті және информатика кафедрасының 6В01501–Информатика білім беру бағдарламасы бойынша білім алушы студенттеріне Өзбекстан Республикасы, әл-Хорезми атындағы Ташкент Ақпараттық технологиялар университетінің тех.ғ.д., профессор Нуралиев Фахриддин Муродиллаевичтің қатысуымен ашық дәріс ұйымдастырылды.
Дәріс «Жазықтықтағы геометриялық түрлендірулер. Біртекті координаттар» тақырыбына арналды және онда компьютерлік графика мен сандық модельдеу саласындағы маңызды теориялық негіздер қарастырылды. Профессор өз баяндамасында геометриялық түрлендірулердің (аффиндік және проективтік түрлендірулер) математикалық аппаратын, олардың матрицалық бейнеленуін, сондай-ақ біртекті координаттар жүйесінің қолданылу ерекшеліктерін жан-жақты талдап түсіндірді. Сонымен қатар, бұл ұғымдардың графикалық жүйелерде, анимацияда және инженерлік есептерде қолданылу мысалдары ұсынылды.
Іс-шара барысында студенттер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, қазіргі ақпараттық технологиялар саласындағы өзекті мәселелер бойынша кәсіби көзқарастарын кеңейтті. Дәріс интерактивті форматта өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауаптар берілді. Мұндай ғылыми-әдістемелік кездесулер білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға және білім беру сапасын жетілдіруге ықпал етеді.

