Мәні зор кездесу
2023 жылдың 17 қазанда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаменті қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында БҚИТУ білім және менеджмент институтының белсенді студентерімен кездесу ұйымдастырды.
Шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Бәделханұлы Сабуров қатысты. Басқосуды университет ректоры, т.ғ.к. Бекболат Теміржанұлы Шакешев ашып, жүргізді.
Кездесу барысында Әділхан Бәделханұлы Мемлекет басшысы бекіткен 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының негізгі ережелері мен талаптарына тоқталды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халықтың құқықтық сауатын арттыратын құқықтық-түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізудің маңызын атап өткен университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аянбек Иманбайұлы Абекешев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылдың конституциялық-құқықтық негіздері» тақырыбында баяндама жасады.
Студенттер аталған мәселеге зор қызығушылық танытып, қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша іс-әрекеттерге қатысты сұрақтар қойды.
Кездесу соңында cтуденттерге қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, парасаттылықты қалыптастыруға бағыттылған әлеуметтік бейнеролик көрсетілді.

