Ұлттық ұлық мереке – Республика күні қарсаңында БҚИТУ-да жаңа жобаның тұсауы кесілді. Игі бастама ең алдымен университет құрылтайшысы, белгілі ғалым Т.З. Рысбеков пен облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Г.Б. Шукееваның қолдауын алды. Екіжақты әріптестіктің нәтижесінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасы арасында студенттер мен жастарға арналған «Тілдесу алаңының» жұмысын ұйымдастыру туралы Меморандумға қол қойылды. Бірлескен жоба аясындағы алғашқы кездесуге университет ректоры Б.Т. Шакешев пен облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Г.Б. Шукеева қатысып, осындай өзара тәжірибе алмасу, пікірлесу алаңдарының маңызын атап өтті. Спикерлер қатарында сөз алған университеттің ғалым-зерттеушісі Ж. Ерназаров «Қазақ отбасындағы дәстүрлер мен новациялар», университеттің ғалым-зерттеушісі С. Бахишева «Ертең бүгіннен басталады» тақырыбында баяндамалар оқып, тұшымды ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Дене шынықтыру және спорт БББ-ның 4-курс студенті Гүлжаухар Дәулеткерей аталмыш жобаның жастарға ұлттық салт-дәстүрді танудағы берері мол екенін атап өтті.
“Тілдесу алаңы” жобасы аясындағы кездесулер болашақта да жалғасын таппақ.



