10 желтоқсан күні 6В07205 Технология және тағам өнімдерінің қауіпсіздігі білім беру бағдарламасының 1-2 курс білім алушылары Орал қалалық Нан зауытына оқу танымдық-өндірістік экскурсия жасады. Іс-шараның мақсаты – тағам өндірісінің технологиялық ерекшеліктерімен танысу, өндірістік процестерді көру арқылы теориялық білімді нақты тәжірибемен ұштастыру болатын. Экскурсия қатысушыларын зауыттың бас технологы Дегтярева Людмила Григорьевна қарсы алып, өндірістік желілердің жұмыс тәртібі, шикізат қабылдау, сақтау және өңдеу талаптары, сондай-ақ заманауи технологиялық жабдықтардың мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі түсіндірді.

Білім алушылар нан, тоқаш өнімдердің өндіріс циклін кезең-кезеңімен бақылап, қамыр дайындау, формалау, пісіру, салқындату және қаптау үдерістерінің жүргізілу барысын көрді. Сонымен бірге бас технолог өндірістегі санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы, қауіпсіздік нормалары, сапа менеджменті жүйесінің қолданылуы жөнінде мәлімет беріп, өнімнің тұтынушыға жеткенге дейінгі бақылау сатыларын таныстырып өтті.

Экскурсия барысында студенттер өндірістік ортадағы нақты жағдайлармен танысып қана қоймай, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан кәсіби кеңестер алды. Іс-шара білім алушылардың тағам өндірісі саласына деген қызығушылығын арттырып, болашақ кәсіби дайындықтарына оң ықпалын тигізді.

 

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz