Наурызнама тұжырымдамасы аясында 18 наурыз – ұлттық киім күніне орай осы күні Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде ұстаздары, қызметкерлер мен студенттері оқу ғимараттарына ұлттық костюмдер мен заманауи стильдегі киімдер мен дәстүрлі аксессуарларды тағып келді.
Университет ұжымы мен студенттері Наурыз айының алғашқы күнінен бастап ұлттық үлгідегі киіммен келуді бастады.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы күні кеше Атырау төрінде өткен Ұлттық құрылтай жиынында «Ұлттық киім күнін» енгізудің маңыздылығына айрықша басымдық беріп, «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Біз басқаларға еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен сақтанып, салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек» деген болатын. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, мәдениеті де ұлттың киімінде. Осы жылы еңбек ұжымдары мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізгенін байқап жүрміз.
БҚИТУ тәрбие ісі жөніндегі проректоры А.И.Абекешев Наурыз мейрамымен құттықтап, ұлттық киімді ұлықтауды студент жастарға түсіндіріп, ұлттық құндылығымызды дәріптеу мен күнделікті киюге ұмтылудың оң бастама екенін атап өтті.
