Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Атырауда ІІІ Ұлттық құрылтай өтті. Екі күнге жалғасқан жиында барлық өңірден келген құрылтай мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқылай отырып, бірнеше шешімдер шығарылды. Шарада қозғалған негізгі тақырыптар – «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму». «Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл» – деп ойдың түбін қозғаған Ел басшысы құндылықтарымызды айқындап, алдыға ұмтылуымыз шарт екенін атап өтті.
Президент сөз еткен құндылықтар қатарында ең бастысы тәуелсіздік және отаншылдық болды. Бұл қазіргі таңда өте өзекті тақырып. Отаншылдық – бұл шынайы патриоттық сезім. Жастардың бойына осындай ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал. Бұл қасиеттер отбасы, мектеп, университет қабырғасында жүрген кезден-ақ бойларына сіңіп, қалыптастыратын сезім. Қазіргі таңда университетімізде дәл осы отаншылдыққа, патриоттыққа, тәрбиелік пен өз тілін қастерлеуге баулитын бірнеше тәрбиелік мәні бар шаралар өтілді.«Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет»-демекші, елімізді сүю кішкентай әрекеттерден басталмақ.
Сондай-ақ ұлттық мүдде мен Тәуелсіздікті қорғауға әрдайым дайын болу керек екенін атап өтті. «Бұл, әсіресе, әлемде «заңның күші емес, күштінің заңы» деген қағидат үстемдікке ие болып, егемендігі осал мемлекеттердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылған-мыс деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті», – деді. Сонымен қатар, елімізде қазақ тілі жоғары сұранысқа ие болып, ғылымның, бизнестің, техниканың тіліне айнала бастағаны және ағартушылық жолмен тілімізді ары қарай дамыту керегі қозғалды.
Ел Президенті Жолдауында айқындап берген елдік міндеттерді әсіресе жастар жіті түсінгені жөн. Ал жауапты мемлекеттік қызметкерлердің осынау бағытта өз ой-пікірлерін ортаға салып, қалың қазақ оқырманына ойлы дүниелерін ұсынып отыруын жақсы дәстүр деп санаймын. Өйткені ізденетін, іргелі ұлттар ғана өзінің жарқын болашағына қол жеткізіп, қуатты елдердің қатарына қосыла алады.


