2026 жылдың 4 ақпан күні Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Білім және менеджмент институтында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Заң мен тәртіп – мемлекетіміздің негізі» тақырыбында полиция басқармасы мен прокуратура қызметкерлерінің студенттермен кездесуі өтті. Шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық мәдениетін арттыру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет алаяқтықтың түрлері мен оның қаупі туралы ақпарат беру, сондай-ақ киберқылмыстардан қорғану жолдарын түсіндіру және жастардың заңға деген құрметін қалыптастыру болды. Кездесуге Орал қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Туғанбай Болат Әлжанұлы, Орал қалалық полиция басқармасының киберқылмыстарды тергеу бөлімінің бастығы Баетов Чингизхан Ербулатович сөз сөйлеп, мазмұнды баяндамалар жасады. Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, киберқауіпсіздікті сақтау, интернет алаяқтықтың кең тараған түрлері және олардан қорғану тәсілдері жөнінде Орал қаласы ПБ-ның Абай полиция бөлімінің ҚҚБ УПИ полиция майоры Мусагалиев Рафхат Шмидович жан-жақты түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, Орал қаласы ПБ-ның Абай полиция бөлімінің ҚҚб-нің ЮПТ аға УПИ полиция майоры Джетписпаев Бахтияр Ермуратович «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, жастарға маңызды ақпараттар берді.Шараны Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің комплаенс-офицері, тәрбие ісі жөніндегі проректоры Абекешев Аянбек Иманбайұлы қорытындылап, студенттерге құқықтық жауапкершілік пен қауіпсіздік мәдениетіне қатысты құнды кеңестер берді. Кездесу соңында студенттер құқықтық мәдениетті дамыту, онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жеке жауапкершілік тақырыптарында сұрақтар қойып, мамандармен еркін пікір алмасты. Сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған арнайы видеороликтер көрсетілді.




