Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті (Өзбекстан Республикасы) арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында тарих және құқық кафедрасының профессоры, PhD М.Д. Қалменов 2025-2026 оқу жылының көктемгі семестрінде Бердах университетінде шақырылған ғалым ретінде Тарих факультетінің “Археология” мамандығы студенттері мен магистранттары үшін шеберлік сыныптары мен практикалық сабақтар өткізді.
Профессор М.Д. Қалменов студенттерді көшпелі халықтардың қорғандарын зерттеудің заманауи әдістемесімен, сондай-ақ құрғақ климат жағдайында археологиялық қазба жүргізудің техникалық аспектілерімен таныстырды.
Келешекте екі университет арасындағы ғылыми байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында маңызды бастамаларды іске асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, Үстірт аумағына жүйелі археологиялық зерттеулер жүргізіп, жаңа археологиялық нысандарды анықтау және бірлескен археологиялық қазбаларды ұйымдастыру жоспарлануда. Осындай академиялық алмасу мен болашақ ғылыми жобалар студенттер үшін нағыз практикалық тәжірибе мектебіне айналып қана қоймай, Қарақалпақстан мен Батыс Қазақстан өңірлерінің жалпы тарихын зерделеу үшін кең мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.

