2023 жылдың 26-сәуірінде «Педагогика және психология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Цифрландыру дәуіріндегі жоғары білім берудегі қазіргі тенденциялары» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің мақсаты – жаһандық цифрлық трансформация жағдайында университеттік білім беруді дамытудың ағымдағы тенденцияларын талқылау. Модератор п.ғ.к., «Педагогика және психология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ирғалиев Асылбек Сапарғалиұлы болды.
Дөңгелек үстел жұмысына Түркия, Башқұртстан және Қазақстан университеттерінің профессорлары қатысты. «Қазақстан мен Түркияның жалпы білім беру бағдарламасы» тақырыбында 29 Мамыр Ыстамбул университетінің PhD профессоры Гөксел Өзтүрк баяндама жасады. Сондай-ақ, «Цифрландыру заманауи білім беру тренді ретінде» тақырыбындағы хабарламамен М. Ақмолла атындағы БМПУ доценті, п.ғ.к., Вахидова Люция Вансеттовна сөз сөйлеп, жоғары білім берудегі цифрландыру тақырыбын терең ашты. Сондай-ақ, бейнеролик көрсетіліп, Башқұрт мемлекеттік университетімен, оның құрылымы мен білім беру жүйесімен қысқаша таныстыру баяндамасымен п.ғ.к., М.Ақмолла атындағы БМПУ доценті Трофимова Екатерина Владимировна сөз сөйледі. Профессор Тасимова Айслу Ахмадиқызы “Қазақстан Республикасындағы білім беруді жаңғырту” тақырыбында терең зерттеу баяндамасымен сөз сөйлеп, Қазақстан, Еуропа, Ресей және Түркияның білім беру жүйелеріне талдау және салыстыру жүргізді. Т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Ерназаров Жасқайрат Тілекқабылұлы “Оқу процесінде жасанды интеллект технологиясын қолдану перспективалары” тақырыбында баяндама жасап, оқытудағы жасанды интеллект мүмкіндіктерінің мәселелерін ортаға салды. Дөңгелек үстел мәселелерін белсенді және нәтижелі талқылаудан кейін “Педагогика және психология” кафедрасының меңгерушісі п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Кинжекова Рысқаным Сәлімқызы қорытынды сөзінде қатысушыларға семинарға белсенді қатысып, баяндамаларда көтерілген өзекті мәселелері үшін алғысын білдірді.



