Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті талапкерлерге бағыт-бағдар беру және болашақ мамандықты саналы таңдауға көмектесу мақсатында қала және ауыл мектептерінде кәсіби бағдар беру кездесулерін өткізді. Аталған іс-шаралар Хиуаз Доспанова атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебінде, М.Б. Ихсанов атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектебінде, Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінде, №39 жалпы орта білім беретін мектебінде, №51 жалпы орта білім беретін мектебінде және Круглоозерное жалпы орта білім беретін мектебінде ұйымдастырылды.
Кездесу барысында университет Маркетинг және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық басқармасының мамандары оқушыларға жоғары оқу орнының білім беру бағдарламалары, сұранысқа ие мамандықтар, оқу гранттары, студенттерге жасалатын әлеуметтік қолдау мен академиялық мүмкіндіктер туралы толық ақпарат берді. Сонымен қатар түлектерге қазіргі еңбек нарығындағы өзекті мамандықтар жайында түсіндіріліп, болашақта бәсекеге қабілетті маман болудың маңыздылығы айтылды.
Университет өкілдері білім алушылармен еркін пікір алмасып, олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Әсіресе мамандық таңдауда жеке қызығушылық пен қабілетті ескерудің маңыздылығы, кәсіби даму жолдарын дұрыс жоспарлау және сапалы білімнің рөлі жөнінде пайдалы кеңестер ұсынылды.
Шара барысында оқушылар университеттің материалдық-техникалық базасы, заманауи зертханалары, тәжірибелік сабақтардың ұйымдастырылуы, халықаралық бағдарламалар мен студенттік өмірдің ерекшеліктері туралы ақпарат алды. Кездесу ашық әрі қызықты форматта өтіп, мектеп түлектерінің болашаққа деген сенімін нығайтып, жоғары білімге қызығушылығын арттырды.
Осындай кәсіби бағдар беру жұмыстары жастардың өз мамандығын дұрыс таңдауына ықпал етіп, олардың болашаққа нық қадам жасауына үлкен мүмкіндік береді. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті алдағы уақытта да мектептермен тығыз байланыс орнатып, кәсіби бағдар беру жұмыстарын белсенді түрде жалғастырады.