Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті  №14, №18, №22, №23, №25, №26 жалпы білім беретін орта мектептерінде және М. Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейінде ауқымды кәсіби бағдар беру жұмыстары жоғары деңгейде өткізді. Аталған кездесулердің басты мақсаты — мектеп бітіруші түлектерге болашақ мамандықты дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беру, қазіргі заман талабына сай мамандықтар туралы кеңінен ақпарат ұсыну және жоғары оқу орнының білім беру мүмкіндіктерімен таныстыру болды.

Кәсіби бағдар беру шараларына Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің білікті мамандары, оқытушылары мен қабылдау комиссиясының өкілдері арнайы қатысып, оқушылармен еркін форматта кездесу өткізді. Кездесу барысында университет мамандары еліміздегі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар, заманауи білім беру бағдарламалары, студенттерге жасалған мүмкіндіктер, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, халықаралық байланыстар, гранттық білім алу мүмкіндіктері және студенттік өмірдің артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Шара барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі пайдалы жауаптар алды. Әсіресе талапкерлерге мамандық таңдауда жеке қызығушылық пен қабілетті ескеру, еңбек нарығының қажеттіліктерін саралау, болашақтағы кәсіби даму жолдарын дұрыс жоспарлау жөнінде маңызды кеңестер айтылды. Сонымен қатар университет ұжымы оқу орнындағы материалдық-техникалық база, зертханалар, тәжірибелік сабақтардың ұйымдастырылуы және студенттердің ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндіктері туралы да кеңінен таныстырды.

Мектеп оқушылары кәсіби бағдар беру кездесуіне белсенді қатысып, болашақ мамандықтары туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Кездесу ашық диалог түрінде өтіп, оқушылардың мамандық әлеміне деген қызығушылығын арттырды. Университет мамандарының мазмұнды ақпараты мен мотивациялық кеңестері түлектерге үлкен әсер қалдырды.

Осындай тағылымды кездесулердің ұйымдастырылуы мектеп түлектерінің кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға, болашаққа сенімді қадам жасауына және сапалы білім алуға деген ынтасын арттыруға зор ықпал етті. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті алдағы уақытта да білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатып, жастарға кәсіби қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz