2026 жылдың 12–22 мамыр аралығында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Маркетинг және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық басқармасының бөлім жетекшісі Жанияров Қ.К. Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласындағы жалпы білім беретін мектептер мен колледждерде кәсіби бағдар беру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді.

Аталған іссапардың негізгі мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру, жоғары білім алудың маңыздылығын түсіндіру және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде білім алу мүмкіндіктерімен таныстыру болды.

Кездесулер барысында оқушылар мен студенттерге қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы кеңінен ақпарат беріліп, болашақ кәсіпті дұрыс таңдаудың маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар, университеттің білім беру бағдарламалары, оқу үдерісіндегі жаңашылдықтар, халықаралық байланыстар, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, ғылыми жобалар мен студенттерге жасалған әлеуметтік қолдау шаралары туралы жан-жақты мәлімет ұсынылды.

Жанияров Қ.К. түлектермен еркін форматта сұхбаттасып, олардың қызығушылықтары мен болашақ жоспарлары жайында пікір алмасты. Кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандық таңдау, грант иелену мүмкіндіктері, студенттік өмір, жатақхана мәселесі және оқу ақысына қатысты толыққанды жауаптар алды.

Профориентациялық жұмыстар аясында талапкерлерге университеттің артықшылықтары, білім сапасы, тәжірибелік даярлық мүмкіндіктері, заманауи материалдық-техникалық базасы және білікті профессор-оқытушылар құрамы туралы ақпараттық материалдар таратылды. Сонымен қатар, оқушыларға мамандық таңдауда жеке қабілет пен қызығушылықтың маңызы ерекше екендігі атап өтілді.

Іссапар барысында мектеп әкімшіліктері мен колледж басшылары тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп, кәсіби бағдар беру бағытындағы мұндай кездесулердің жастар үшін маңызы зор екендігі айтылды. Кездесулер жоғары деңгейде ұйымдастырылып, түлектер тарапынан ерекше қызығушылық тудырды.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті алдағы уақытта да еліміздің әр өңірінде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жалғастырып, жастардың сапалы білім алып, саналы мамандық таңдауына қолдау көрсетуді басты мақсаттарының бірі ретінде жалғастыра бермек.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz