2026 жылғы 26–29 мамыр аралығында Батыс Қазақстан облысының жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында футболдан (11×11 форматында) облыстық ашық турнир өтті. Жарыстың ұйымдастырушысы – Батыс Қазақстан облыстық футбол федерациясы.
Турнирдің негізгі мақсаты – студент жастар арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және оқу орындары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.
Жарысқа облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінен жүздеген студент қатысып, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті. Бұл турнир Батыс Қазақстан облысындағы студенттік спорт тарихында алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды спорттық шара ретінде ерекше маңызға ие болды.
Турнир қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің студенттер командасы барлық қарсыластарынан басым түсіп, чемпиондық атақты жеңіп алды. Финалдық кездесуде БҚИТУ құрамасы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің командасын 2:0 есебімен жеңіп, турнирдің алтын жүлдесіне ие болды.
Жекелеген номинациялар бойынша университет студенттері жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Атап айтқанда:
- «Үздік қақпашы» номинациясы – ДШжС-411 тобының студенті Жолдығалиев Мейрамбекке бұйырды;
- «Үздік ойыншы» номинациясы – ДШжС-211 тобының студенті Сағын Жігерге берілді.
Команданың жоғары спорттық нәтижеге қол жеткізуіне студенттердің жауапкершілігі, ұйымшылдығы және жүйелі түрде жүргізілген дайындық жұмыстары оң әсер етті.
Команданың жетекшісі – Жасқайратов Асхат Жасқайратович.
Жеңімпаз команданы шын жүректен құттықтаймыз! Спортшыларымызға алдағы жарыстарда да толағай табыстар мен жарқын жеңістер тілейміз!

