23 сәуір 2026 жылы Ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасында «Қауіпсіздік пен өмір сапасын қамтамасыз етудегі инновациялар мен ғылыми зерттеулер» тақырыбында студенттік ғылыми конференция өткізілді.
Конференцияның мақсаты – студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыру, заманауи ғылыми жетістіктерді талқылау, қауіпсіздік пен өмір сапасын қамтамасыз ету саласындағы инновациялық идеялармен алмасу болды.
Конференция барысында ветеринария, тағам қауіпсіздігі, экология және техносфералық қауіпсіздік бағыттары бойынша 17 баяндама тыңдалды. Баяндамаларда ірі қара малдың өнімділігін арттыру, ет және сүт өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі, бруцеллез ауруының мониторингі, өндірістік нысандардағы өрт қауіпсіздігі, қалдықтарды басқару, экологиялық токсикология, жасыл химия, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, студенттер ветеринарлық-санитарлық сараптама, сүт өнімдерін сақтау мерзімін ұзарту, функционалды және лактозасыз өнімдер өндіру, халал өнімдердің сапасы сияқты өзекті тақырыптарды қозғады. Техносфералық қауіпсіздік бағыты бойынша жеке қорғаныс құралдарының тиімділігі, көлік түрлерінің қоршаған ортаға әсері және өндірістік қалдықтар мәселелері талқыланды.
Әрбір қатысушы өз ғылыми жұмысының нәтижелерін ұсынып, жетекшілерінің ғылыми кеңестері негізінде өзекті мәселелерге шешу жолдарын ұсынды. Баяндамалар мазмұнды, заманауи талаптарға сай және практикалық маңыздылығымен ерекшеленді. Іс-шара студенттердің ғылыми әлеуетін дамытуға, тәжірибе алмасуға және болашақ кәсіби қызметіне қажетті дағдыларды қалыптастыруға оң әсерін тигізді.