2026 жылдың 26-ақпанында Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхана қабырғасында жас ақын, әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі Меңсара Мейрамқызы Абатованың «Өлеңім – өмірім» атты алғашқы жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған шараға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Филология және оқыту әдістемесі кафедрасының Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі білім беру бағдарламасының студенттері қатысты.
Әдеби кешке өңірдің ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері, оқырмандар, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шара барысында кітапхана қызметкерлері ақынның шығармашылық жолына қысқаша тоқталып, оның поэзиясындағы шынайылық пен нәзік лиризм, туған жерге деген сүйіспеншілік пен өмірге құштарлық тақырыптары кеңінен сөз болды.
Кеш қонақтары жас ақынға ақжарма тілектерін білдіріп, шығармашылығына жоғары бағасын берді. Сонымен қатар, автор өз өлеңдерін оқып, оқырмандармен еркін форматта сұхбат құрды. Әдеби-сазды кеш әсерлі әндермен әрленіп, рухани мазмұны терең мазмұнды шараға ұласты.
«Өлеңім – өмірім» жинағы – автордың жүрек түкпірінен шыққан сырлы жырлары топтастырылған тұңғыш еңбегі. Кітапта адам жанының иірімдері, жастықтың жалынды сезімі, өмірдің сан қырлы сәттері көркем тілмен өрнектелген.
Тұсаукесер кеші жас ақынның шығармашылық жолындағы жарқын белеске айналып, әдебиет сүйер қауым үшін мәні зор рухани кездесу болды.

