Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде, салалық технологиялар институтында белгілі ғалым, М.Өтемісов атындағы БҚУ-нің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымының кандидаты Б.С. Боранбаева қонақ дәрісін өткізді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында 7 мыңнан астам қазақ әйелдері Отанын фашистік басқыншылардан қорғауға аттанды. Олардың дені 18-20 жас аралығындағы жас қыздар, көбі ерікті ретінде майданға аттанған. Олардың көпшілігі қолдарына қару алып, даңқты жерлестеріміз Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың және Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың ерліктерін қайталады. Ғұлама тарихшы Бақтылы Боранбаева өзінің 2015 жылы жарық көрген ғылыми-деректі монографиясын Ұлы Отан соғысына батысқазақстандық қатысушылардың ерліктеріне арнады.

БҚИТУ студенттері мен оқытушыларының алдында Бақтылы Сансызбайқызы авторлық деректі кітабының 19 кейіпкеріне тоқталды. Олардың барлығы Батыс Қазақстан облысынан. Біздің ержүрек жерлестеріміз қанды соғыстың алғы шебінде шайқасты, әскери өнерді өте қысқа мерзімде игеріп, майдан өмірінің ауыртпалығын абыроймен өткерді.

Б.Боранбаеваның кітабындағы кейіпкерлердің әрқайсысы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері таң қаларлық және есте сақтауға тұрарлық. Олар: М.Қожахметова, Г.Рахметова, Замиха Наушева, А.Ғабдушева, Р.Момынова, М.Мақатова, Қ. Ермекова, А.Ниязғалиева, М.Үмбетова, Қ.Ахметова және т.б. Олар соғысты пулемётші, атқыш, дабылшы, десантшы, медбике, дала госпитальдарында дәрігер болып өткізді.

Осы тақырып төңірегінде ізденістерін жалғастырып келе жатқан оралдық ғалымның дәрісін жиналғандар асқан қызығушылықпен қабылдады. Жалпы білім беру пәндері кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Н.М. Қадырғалиев жылы лебізін білдіріп, Б.С. Боранбаеваға танымдық лекциясы үшін алғысын білдірді.

 

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz