2026 жылғы 26 ақпанда Орал қаласындағы кәсіптік бағдар беру іс-шаралары жоспарына сәйкес Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Салалық технологиялар институтының «Құқық» кафедрасы Орал жоғары гуманитарлық-экономикалық колледжінің бітіруші топ студенттерімен кәсіптік бағдар беру кездесуін өткізді.
Іс-шара барысында кафедраның аға оқытушысы М.С. Джальмишев талапкерлерді университеттің білім беру мүмкіндіктерімен таныстырып, 6B04202 – «Құқықтану» білім беру бағдарламасының мазмұны, құрылымы және артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар Салалық технологиялар институтында жүзеге асырылатын мамандықтар таныстырылып, білім беру бағдарламалары жөніндегі ақпараттық материалдар таратылды.
Алдын ала нақтыланған мәліметтерге сәйкес, 2025–2026 оқу жылында Орал жоғары гуманитарлық-экономикалық колледжінің бітіруші топтарында қазақ тіліндегі топта – 11 студент, орыс тіліндегі топта – 8 студент білім алуда. Кездесу барысында студенттер университетке қабылдау тәртібі, құжаттарды тапсыру мерзімдері, қабылдау талаптары және оқу үдерісін ұйымдастыру ерекшеліктері туралы толық мәлімет алды.
Кездесуде «Құқықтану» білім беру бағдарламасының практикалық бағыттылығына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бейіндік пәндерді құқық саласында нақты тәжірибесі бар практик-мамандар жүргізетіні, сондай-ақ оқу үдерісінде қашықтан оқыту технологиялары кеңінен қолданылатыны түсіндірілді. Бұл білім алушыларға икемді оқу форматын пайдалана отырып, теориялық білімді практикалық дағдылармен ұштастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Сонымен бірге заңгер мамандығының еңбек нарығындағы жоғары сұранысы, кәсіби қызметтің негізгі бағыттары және университет түлектері үшін мансаптық мүмкіндіктер туралы кеңінен баяндалды. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына, пәндік олимпиадаларға, пікірсайыс клубтарына, құқықтық клиника қызметіне және қоғамдық жобаларға қатысу мүмкіндіктері таныстырылды.
Өткізілген кәсіптік бағдар беру жұмысы бітіруші студенттердің болашақ мамандықты саналы таңдауына оң ықпал етіп, құқықтану бағытына қызығушылығын арттырды. Кездесу соңында университеттің білім беру бағыттары, факультеттер ерекшеліктері және кәсіптік бағдар беру орталығының байланыс деректері қамтылған ақпараттық үлестірме материалдар студенттерге табысталды.