2 наурыз күні Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде заманауи Web3-технологиялары мен блокчейн экожүйесіндегі мансап мүмкіндіктеріне арналған шеберлік сабағы өтті. Іс-шараны Орал қаласындағы Astana Hub аймақтық филиалы — Batys Hub, энергетика, автоматтандыру және есептеу техникасы кафедрасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесудің спикері — Solana Super Team Kazakhstan қауымдастығының жетекшісі Афанасьев Максим Николаевич. Шеберлік сабағына «Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 1–3 курс студенттері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар орталықтандырылмаған жүйелердің негіздерімен және блокчейн технологиясының жұмыс істеу қағидаларымен танысты. Дәстүрлі орталықтандырылған жүйелерден айырмашылықтары түсіндіріліп, блокчейннің қаржы, логистика және орталықтандырылмаған автономды ұйымдарды (DAO) басқару салаларындағы қолданылу мысалдары қарастырылды. Сондай-ақ Solana экожүйесіне жоғары өнімді орталықтандырылмаған қосымшаларды әзірлеуге арналған платформа ретінде ерекше назар аударылды.
Студенттер Astana Hub базасында тегін білім алу мүмкіндіктері, Solana Foundation тарапынан берілетін халықаралық сертификаттар, хакатондар мен тағылымдамаларға қатысу жолдары туралы ақпарат алды. Сонымен қатар Web3 саласында мансап құрудың практикалық кезеңдері — базалық дағдыларды меңгеруден бастап, жеке жобаларды іске асыру және гранттар алу мүмкіндіктеріне дейін түсіндірілді.
Іс-шара интерактивті сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды. Студенттер смарт-келісімшарттарды әзірлеу және орталықтандырылмаған қосымшалардың (dApp) архитектурасы жөнінде өз сұрақтарын қойып, кәсіби кеңес алды. Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби көкжиегін кеңейтіп, болашақ мамандардың тәжірибелік даярлығын нығайтуға ықпал етеді.


