2023 жылдың 27 қаңтарында Орал қаласы “Атамекен” өнер ордасында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрметті академигі, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Рысбеков Тұяқбай Зейітұлының  тандамалы шығармаларының таныстырылымы, ғылыми еңбектерінің тұсаукесері өтті.

Аталған шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы Төреғалиев, жергілікті зиялы қауым өкілдері, қоғам кайраткерлері, облыстағы  білім беру саласының мамандары, кітапхана менгерушілері, баспасөз құралдарының өкілдері т.б. қатысты.

Жиын басында Тұяқбай Зейітұлы Рысбековтің  өмір жолы мен ғылыми шығармашылығын жан-жақты ашатын «Бәйтерек» атты бейнебаян көрсетілді.

Алғашқы құттықтау сөз кезегін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы Төреғалиев алып, ғалымның атқарған істерін мақтан етіп атай келе ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының Ахмет Байтұрсынов атындағы орденін ел тарихына сіңірген еңбегі үшін кеудесіне тақты. Осымен қатар өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы профессор Сабыр Мұрат Бөкенбайұлымен бірге жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.

 Дөңгелек үстел басында сиясы кеппеген жаңа кітапты оқырманға таныстыру мақсатында ғалымдар: ф.ғ.д, профессор Мұрат Сабыр, т.ғ.д., профессор Әсет Тасмағамбетов, т.ғ.к., қауымдастырылан профессор Самат Құрманалин, т.ғ.к., қауымдастырылан профессор Мұрат Калменов сөз алды. Ғалымдар оқырманға жол тартқан 5 кітапта қарастырылған мәселелердің негізгі бағыттарын, ғылыми маңыздылығын, Қазақстан тарихындағы, оның ішінде өлке тарихындағы алар орнын әр қырынан  атап өтті.

Кеш соңында Тұяқбай Зейітұлы өзінің  ғылыми-педагогикалық қызметіне қысқаша шолу жасап, құттықтай келген кеш қонақтарына ризашылығын білдірді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.