Ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасында 1–2 курс білім алушыларына тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдерін жан-жақты ашу, тарихи сананы қалыптастыру және тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығындағы маңызды жетістіктерді көрсету мақсатында эдвайзерлік сағат өткізілді. Іс-шара барысында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының айрықша маңызы атап өтілді. Бұл оқиға қазақ жастарының еркіндікке, ұлттық намыс пен әділдікке деген ұмтылысының символына айналды. Білім алушылар Тәуелсіздік күніне арналған жүрекке жетерлік өлеңдер оқып, патриоттық әндер орындады. Бұл атмосфераға рухани серпін беріп, ел тарихына деген құрмет сезімін күшейтті. Мұндай шығармашылық орындаулар жас ұрпақтың тарихи санасын тереңдетіп, тәуелсіздік жолындағы ерліктің мәнін түсінуге ықпал етті.
Білім алушыларға 1991–2000 жылдар аралығында Қазақстанда жүзеге асқан саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер жөнінде мазмұнды ақпарат ұсынылды. Мемлекеттің алғашқы реформалары, тәуелсіздіктің нығаюы, халықаралық байланыстардың қалыптасуы, ұлттық валютаның енгізілуі, экономиканың жаңғыруы және азаматтық қоғамның дамуы туралы кең түсінік берілді.
Эдвайзерлік сағат соңында білім алушылар өз әсерлерімен бөлісіп, Қазақстанның тарихи жолына деген құрметтерін білдірді және тәуелсіздікті сақтау мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Іс-шара патриоттық сезімді қалыптастыруға, ел тарихы туралы білімді тереңдетуге және тәуелсіздіктің әр азамат үшін құндылығын ұғынуға зор үлес қосты.