2025 жылдың 12 қарашасында Сапа апталығы аясында “Құқық қорғау қызметі” мамандығының 1-курс студенттері қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын арқау еткен “Тұрмыстық зорлық — махаббат емес” атты ашық сот отырысын ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ отбасындағы сыйластық пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеу болды.
Ашық сот процесі барысында студенттер нақты өмірден алынған жағдайлар негізінде көрініс қойып, заң алдындағы жауапкершілік пен әділдік қағидаттарын айқын көрсетті. Көрермендер сот залындағы ахуалды шынайы сезініп, зорлықтың адам өмірі мен қоғамға тигізер зардабы туралы терең ой түйді.
Іс-шараның өтуіне жауапты маман – “Тарих және құқық” кафедрасының аға оқытушысы Кубашев Алимжан Абзалұлы. Ол студенттердің шығармашылық белсенділігін, құқықтық көзқарасын және өмірлік ұстанымдарын жоғары бағалап, олардың кәсіби қалыптасуына мұндай тәжірибелік шаралардың үлкен ықпал ететінін атап өтті.
Бұл іс-шара – тек білім алушылардың теориялық білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғамда бейбітшілік пен өзара сыйластықты насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды.


