2025 жылдың 12-қарашасында Орал қаласында өткен «Жұмысшы мамандықтары — экономика өсімінің драйвері» тақырыбындағы Ресей мен Қазақстанның Өңіраралық ынтымақтастығының ХХІ форумы аясында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Ресей Федерациясының екі жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
БҚИТУ тарапынан қол қою рәсіміне университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Б.Т.Шакешев қатысса, Н.И. Вавилов атындағы Саратов мемлекеттік генетика, биотехнология және инженерия университеті тарапынан қосымша білім беру және цифрлық трансформация жөніндегі проректор Маслюк Наталья Викторовна, ал Орынбор мемлекеттік аграрлық университеті тарапынан ректор, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Гончаров Алексей Геннадьевич қатысты.
Қол жеткізілген меморандумдар екі ел университеттері арасындағы оқу-әдістемелік, ғылыми және мәдени қарым-қатынасты нығайтып, академиялық алмасу және бірлескен іргелі ғылыми зерттеулерді дамытуды көздейді.