2025 жылғы 29 сәуірде сағат 10:00-де ЗКИТУ оқу корпусының (М. Ихсанов көшесі, 44) акт залында Салалық технологиялар институтының комплаенс қызметінің жұмыс жоспарына сәйкес «ҚР Заңдарына құрмет. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында студенттерге арналған адалдық сабағы өткізілді. Шараға Батыс Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі, әділет кеңесшісі Әлібекова Ш., сондай-ақ БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдын алу басқармасының басшысы Хайруллин Б.М. қатысты.
Іс-шараның модераторы – ИОТ комплаенс қызметінің жетекшісі, құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі (запаста) Рахметов Т.Х. келген қонақтарды оқытушылар мен студенттерге таныстырып, барлық азаматтардың, әсіресе жастардың «Заң және тәртіп» және «Адал Азамат» тұжырымдамаларын ұстануының маңыздылығына тоқталды. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында және 2025 жылғы 15 наурызда өткен IV Ұлттық құрылтайда атап өткен болатын.
БҚО прокурорының аға көмекшісі Әлібекова Ш. өз сөзінде өңірдегі кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы құқық бұзушылық жағдайына тоқталып, есірткі құқықбұзушылықтары, бопсалау, бөтен мүлікті ұрлау фактілері бойынша жас азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке тартылған нақты мысалдарын келтірді. Ол бұл құқықбұзушылықтарға қатысты ҚР Қылмыстық заңнамасының нормаларын түсіндіріп, ҚР Заңдарына құрметпен қарау, оларды зерделеу және жалпы құқықтық мәдениетті арттыру қажеттігін атап өтті.
БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдын алу басқармасының басшысы Хайруллин Б.М. өз баяндамасында өңірдегі сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының жай-күйі және олардың алдын алу шаралары туралы кеңінен айтып берді. Ол мемлекеттік қызметтерді алу саласына цифрландыруды кеңінен енгізу мысалдарын келтіріп, денсаулық сақтау, білім беру, ХҚКО жұмысы салаларындағы тәжірибені, сондай-ақ құрылыс, ауыл шаруашылығы, теміржол салаларындағы бюджеттік бағдарламаларды іске асыруда «Боялған ақшалар» әдісінің қолданылуын нақты мысалдармен түсіндірді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық қылмыстары нәтижесінде тәркіленген қаражат пен ел аумағынан заңсыз шығарылған активтердің өңір экономикасына қосқан үлесі туралы ақпарат берді.
ИОТ комплаенс қызметінің мүшесі, «Мұнайгаз ісі» кафедрасының аға оқытушысы, техникалық ғылымдар магистрі – Төлемісова С.С. өз сөзінде студенттердің оқуға адал ниетпен қарауы және ЗКИТУ-дің «Академиялық адалдық туралы» ережесін сақтау қажеттігіне назар аудартты. Ол «Адал Азамат» тұжырымдамасының талаптарын, болашақта адал, әділетті, тәртіпті, еңбекқор және отансүйгіш болу қажеттігін студенттерге түсіндірді.
Іс-шара барысында қатысушыларға тақырыпқа сәйкес бейнероликтер көрсетілді. Қонақтар студенттердің сұрақтарына жауап берді. Модератор Рахметов Т.Х. профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің атынан қонақтарға мазмұнды баяндамалары мен белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.


