Шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының 6В02301 – Аударма ісі және 6В01702 – Шетел тілі: екі шетел тілі білім беру бағдарламаларының 1-курс білім алушылары Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхана базасында «Меркурий» спикерлік клубының ұйымдастыруымен өткен «Сана мен рух үндестігі» тақырыбындағы кездесуге қатысты.
Кездесу Батыс Қазақстан облысы дизайнерлері мен модельерлері қауымдастығының төрайымы Сырымова Әсем Кенжебайқызы қатысуымен өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға бағыт-бағдар беру, шығармашылық жолдағы маңызды қағидалармен бөлісу және жеке даму мәселелеріне назар аударту.
Кездесу барысында спикер өз кәсіби жолы, өмірлік тәжірибесі, жеке даму үдерісі, сондай-ақ өз әлеуетін ашу жолындағы мүмкіндіктер мен кездескен қиындықтары туралы кеңінен әңгімеледі. Білім алушылармен пікір алмасу барысында армандар мен мақсаттарға жету жолындағы табандылық пен шығармашылық көзқарастың маңызы ерекше атап өтілді.
Аталған іс-шара білім алушылар үшін мотивация көзіне айналып, жаңа ойлар мен идеяларға жол ашты. Кездесу кәсіби және жеке даму перспективаларын түсінуге, өз қабілеттерін жүзеге асыру жолында сенімділік қалыптастыруға мүмкіндік берді.



