2022 жылдың 19 қазанында БҚИТУ Инженерлік-гуманитарлық факультетінің «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттерімен ЖШС «Орал трансформатор зауыты» кәсіпорнында «Техника және технологиялар қауіпсіздігі» пәнінен тәжірибеге бағытталған сабақ өтті.
Сабақты кәсіпорынның еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі инспекторы Е.К. Масалимов және ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі Г.Р. Курмашева жүргізді. Сабақ барысында студенттер цехтар бойынша негізгі технологиялық процестермен танысты. Аталған кәсіпорындағы жұмыс істеу кезіндегі қауіпті және зиянды өндірістік факторлар: электр тогының адам ағзасына әсері; биіктіктегі жұмыстар; жұмыс орнының жеткіліксіз жарықтандырылуы; қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – температура, ауаның ылғалдылығы, ауа қозғалысының жылдамдығы; жұмыс аймағының газдануы; өндірістік жарақаттану т.б. факторлар болып табылады. Сондай-ақ, маман еңбекті қорғау жөніндегі инспектор жұмысының ерекшелігін, оның міндеттерін түсіндіріп, лауазымның қаншалықты жауапты екенін атап өтті.
Сабақ студенттердің кәсіби-практикалық білімдерін дамытуға, болашақ мамандыққа деген қызығушылығын арттыруға, болашақ кәсіби қызметке бағытталған кәсіби және жеке қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етті.
«Орал трансформатор зауыты» ЖШС басшылығына және еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бөліміне алғысымызды білдіреміз!

