2023 жылғы 8 желтоқсанда БҚИТУ мен БҚО бойынша полиция департаменті арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында БҚО ПД Тергеу басқармасының аға тергеушісі полиция подполковнигі Шолпан Бақтыбаевна Қасымованың 6В04202 Құқықтану, 6В04207 Сот-прокурорлық қызмет және 6В04203 Тасымалдауды, қозғалысты және көлікті пайдалануды құқықтық реттеу білім беру бағдарламаларының білім алушыларымен «Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеудің ерекшеліктері» тақырыбында қонақ дәрісі өтті.
Ш.Б. Қасымова өз дәрісінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандардың Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 56-тарауына сәйкес ерекше мәртебеге ие екендігін атап өтті. Осылайша, ҚІЖК-нің 80-бабына сәйкес, бұл нормалар құқық бұзушылық жасалған кезде он төрт жасқа толған, бірақ он сегіз жасқа толмаған кәмелетке толмағандарға қолданылады.
Осы санаттағы істер бойынша белгіленуге жататын мән-жайларға, адвокаттың, педагог-психологтың, заңды өкілдің қатысуымен кәмелетке толмағанның құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге назар аударылды.
Дәріскер олармен тергеу әрекеттерін жүргізу , ювеналды соттарда қылмыстық істерді қарау және олардың ҚР Қылмыстық Кодексінің 81-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кәмелетке толмағандарға жаза қолдану тәртібі туралы айтып берді.
Аға тергеуші Ш. Б. Қасымова өз тәжірибесінен мысалдар келтіріп, білім алушылардың сұрақтарына жауап берді.


