2020 жылдың 27 ақпанында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті гуманитарлық-заңтану факультетінде «Алғыс айту» күніне орай «Мың алғыс» атты мерекелік шара өтті. Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында достық, толеранттылық және бір-біріне деген құрметтеушілік сезімдерін дамыту болып табылады.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2016 жылдың 14 қаңтарында өз жарлығымен елде жаңа мерекенің енетінін жариялады. Яғни 1 наурыз Қазақстан халықтар Ассамблеясының құрылған күні «Алғыс айту» күні болып белгіленді. Қазақстан халықтар Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Елбасы осынау мейрамды Қазақстанда жыл сайын атап өтіп отыруды ұсыныс етті. Сонымен қатар қазіргі Қазақстанды мекендейтін этникалық топтардың ортақ тарихи тағдыры адамдардың менталитетіне, олардың өмірлік идеялары мен ұмтылыстарына жағымды әсер еткенін, барлық этностарға ортақ құндылықтар мен мұраттарды қалыптастырғанын атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін 1 наурызда жыл сайын барлық этностардың бір біріне және қазақ халқына туысқаны ретінде қабылдағаны үшін алғыс күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Онымен қоса одан сайын жақындастыра түсірер еді. «Бұл күн барлық қазақстандықтардың бір біріне деген мейірімділігінің, достық пен махаббаттың жарқын мерекесі бола алады» деп атап өтті.
Мерекелік шараны Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ректоры Габдуалиева Раушан Смадиновна ашты. Қатысушылар мен келген қонақтарды құттықтай отырып, осындай шаралардың патриоттық рухты көтеру үшін және аға буын өкілдерін құрметтеуге үйретуде маңызды екенін атап өтті.
Мерекелік шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Масис» армян этномәдени қоғамдық бірлестігі, Татар мәдени орталығы, Украин этномәдени бірлестігі, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы А.Т.Жумина қатысып, сөз сөйледі.
Шараның соңында БҚИТУ тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры А.И.Абекешев Қазақстан халқы Ассамблеясының қонақтарына алғыс білдіріп, қатысушыларға алғыс хаттарды табыстады. Іс-шара мерекелік концертке ұласты.
