2020 жылдың 27 ақпанында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Инженерлік-технологиялық факультетінде Жалпы білім беру пәндері кафедрасы қазақ, орыс, ағылшын тілі пәндері оқытушыларымен Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған «Абай әлеміне саяхат» атты әдеби шара ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айтқызу, көркем сөйлеуге, өз бетімен іздене білуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге көмектесу.
Шараны ұйымдастыру барысында мультимедиялық құралдар, ақын өмірі мен шығармашылығына арналған аудиожазбалар, бейнероликтер қолданылды. Ақынға арналған сирек кітаптар мен кітапхана қорындағы баспасөз материалдарынан көрме ұйымдастырылып, Абай шығармалары мен ол туралы қазақ әдебиеті мен қоғам қайраткерлері сөздері берілген көрнекілік құралдары дайындалып, көрсетілімдер көрсетілді.
Шараны ұйымдастыруға факультеттің І курс қазақ және орыс тілінде оқитын студенттері белсене қатысты. Ақынның «Желсіз түнде жарық ай» өлеңі барша аудиториямен бірге орындалып, аудиторияны жандандырды. Қазақ, орыс тілдерінде ақын өмірі мен шығармашылығы, оның мерейтойлары бойынша өткізілетін шаралар, жасалған жұмыстар туралы презентациялар студенттермен дайындалып, ақын өлеңдері қазақ тілінде және орыс, ағылшын тіліндегі аудармаларынан үзінділер оқылды.

