2024 жылдың 31 қазаны күні Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы Батыс Қазақстан облыстық әдістемелік орталығының бірлестігімен «Мектептегі тарих сабағы: басымдықтар және жетілдіру стратегиялары» семинар-практикумы ұйымдастырылды.
Семинар-практикум мектепте тарих пәндерін оқытудың әдістемесі мен заманауи тәжірибесін талдауды мақсат етеді. Шараға университет оқытушылары, әдістемелік орталық мамандары, әдіскерлер, мектеп мұғалімдері, студенттер мен магистранттар қатысты. Семинар-практикум Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің бірінші және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, қауымдастырылған профессор С.А.Машанованың еліміздің жоғары білім беру кеңістігіндегі Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің рөлі туралы презентациясынан басталды. Батыс Қазақстан облыстық әдістемелік орталығының директоры, педагогика ғылымдарының магистрі Кубашева Гульмира Камалқызы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетімен бірлестікте атқарылып жатқан жұмыстардың барысына талдау жасады.
Семинар-практикумның келесі кезеңінде Білім және менеджмент институтының оқу кабинеттері мен оқу телестудиясымен танысу ұйымдастырылды. Одан кейін білім алушыларға Бәйтерек ауданы, Қасым Аманжолов атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, тарих ғылымдарының магистрі А.Б.Дакешеваның «Қазақстан тарихы» пәні бойынша үлгілік сабағы өткізілді.
Тәжірибелік алаңда Батыс Қазақстан облыстық әдістемелік орталығының тарих және қоғамдық пәндер әдіскері, педагог-зерттеуші Д.Ш.Шакаева, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы №2 мектептің тарих пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Ж.З.Хасанова, Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі, «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы, педагог-шебер С.З.Алиев, Сырым ауданы, Қ.Мырзалиев атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі, педагог-шебер М.Қ.Арыстанов, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Тарих және құқық кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Т.Ерназаров тарих пәндерін оқытудың инновациялық әдістері, заманауи озық тәжірибелер, тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыру, оқу мақсаттарын тиімді жүзеге асыру мәселелерін талқылап, ойларымен бөлісті.
Шара соңында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Білім және менеджмент институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы А.С.Тасмағамбетов қатысушыларға алғысхаттар табыс етті.





