«EDP HUB» баспасы (Қазақстан) «Ай Пи Ар Медиа» халықаралық баспасымен (Ресей) бірлесіп, «Global SciCall: жаңа білім қоры» ІІІ Ұлттық байқауының жеңімпаздарын анықтады. Байқау қорытындысы 2026 жылғы 5 наурызда жеңімпаздар мен сарапшылардың онлайн-кездесуінде ресми түрде жарияланды.
2025/2026 жылғы кезеңде жобаға Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ТжКБ ұйымдарының 300-ге жуық оқытушысы қатысты. 30 жетекші ғылым докторы мен профессордан тұратын сарапшылар тобы қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі оқулықтар мен монографияларды бағалады. Сараптама нәтижесі бойынша 6 номинацияда 21 жеңімпаз бен 44 жүлдегер анықталды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік жетістіктер
Биылғы жылы аграрлық ғылымдар саласындағы еңбектер ерекше көзге түсті. «Ауыл, орман шаруашылығы және ветеринария бойынша үздік оқу басылымы» номинациясында 2-орынды (Күміс жеңімпаз) келесі оқулық иеленді:
- «Ешкі шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы»
- Авторлары: Есенғалиев Қ.Ғ. (БҚИТУ), Нұралиев М.Т. және Кенжебаева Т.Е. (К.У. Медеубеков атындағы Қой шаруашылығы ҒЗИ).
«Үздік ғылыми басылым (монография)» номинациясында келесі ғылыми еңбек жүлдегер атанды:
- «Қазақстанда ешкі түбіті өндірісін арттырудың ғылыми негіздері мен практикалық әдістері»
- Авторлары: Есенғалиев Қ.Ғ. (БҚИТУ), және Нұралиев М.Т. (К.У. Медеубеков атындағы Қой шаруашылығы ҒЗИ).
Байқау ұйымдастырушысы Гүлжауар Бикжанова атап өткендей, жоба Қазақстан Республикасының білім беру процесін сапалы оқу материалдарымен қамтамасыз ету және талантты авторларды қолдау миссиясын табысты жалғастыруда.

