2026 жылғы 9 сәуірде Орал қаласында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен Hackathon 3.0 өтті. Аталған іс-шараға түрлі жоғары оқу орындары мен колледждерден 22 студенттік команда қатысып, инновациялық идеяларды дамытуға және жастар арасындағы технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Энергетика, автоматтандыру және есептеу техникасы» кафедрасынан студенттер мен олардың жетекшілерінен құралған 6 команда қатысты. Солардың қатарында аға оқытушы Әбілғазиев Еркебұлан Нұрханұлының жетекшілігімен ЭЛ-21О тобының студенттері Сәлімгерей Бекзат Қайырбекұлы мен Яровая Ирина Викторовна қалалық инфрақұрылымға энергия тиімді және экологиялық тұрақты шешімдерді енгізуге бағытталған EnergyBike Park инновациялық жобасын таныстырды.
Хакатон қорытындысы бойынша EnergyBike Park жобасы сарапшылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, K&K Startups және «Ауыл» партиясының қолдауымен менторлық бағдарламадан өту мүмкіндігіне ие болды.
Аталған жобаға Батыс Қазақстан облысы бойынша «Ауыл» партиясының «Auyl jastary» жастар қанатының төрағасы Нурсейтов Нурбек Мусаевич ерекше қызығушылық танытып, оның практикалық маңыздылығын атап өтті және жобаны толық қолдауға дайын екенін білдірді. Сонымен қатар, жобаны 2026 жылдың жаз мезгілінде Орал қаласындағы Киров атындағы мәдениет және демалыс саябағының спорт алаңында жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Аталған жетістік студенттердің жоғары дайындық деңгейін және олардың қалалық ортаның тұрақты дамуына бағытталған заманауи әрі сұранысқа ие инновациялық шешімдер әзірлеу қабілетін айқындайды.
Сонымен қатар, жоба аясында командалардың қатысуымен қаланы көгалдандыру мақсатында ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылып, оның қоршаған ортаны қорғаудағы маңызы ерекше екені атап өтілді.


