2026 жылдың 18-ақпанында «Заң және тәртіп» жобасы аясында білім алушылар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және киберқылмыстың алдын алу мақсатында Қаржы және экономика кафедрасының ұйымдастыруымен «Цифрлық қауіпсіздік: заң мен тәртіп негізіндегі профилактика» профилактикалық семинар өткізілді. Семинарға «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасының БҚО бойынша заңгері, философия докторы (PhD) Куттыгалиева Анархан Райымовна, Орал қ.ПБ Абай Пб қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің инспекторлары Нуркаятова Мулдир Кайратовна мен Ахбалина Айдана Сабитовна қатысты.
Іс-шара барысында әкімшілік құқықбұзушылықтар (қоғамдық тәртіпті бұзу, ұсақ бұзақылық) кәмелетке толмағандар арасындағы төбелес, буллинг, зиянды әдеттердің (темекі, алкоголь, есірткі) құқықтық және әлеуметтік салдары, интернет кеңістігіндегі құқықбұзушылықтар талқыланды. Қатысушылар киберқылмыстың түрлері (фишинг, интернет-алаяқтық, кибербуллинг, жеке деректердің заңсыз таралуы) туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, интернет желісінде жасалатын құқықбұзушылықтар үшін көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндірме берілді.
Студенттер өз пікірлерін білдіріп, нақты өмірден алынған жағдайларды талқылады. Киберқауіпсіздікке және жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық қатысты бейнеролик көрсетіліп, талдау жүргізілді. Қатысушыларға интернеттегі алаяқтық белгілерін анықтау бойынша практикалық мысалдар ұсынылды.
Іс-шара студенттердің белсенді қатысуымен өтіп, тақырыпқа деген қызығушылықтың жоғары екендігін көрсетті, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға және жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған маңызды профилактикалық іс-шара болды.


