Халықаралық «Болашақ» стипендиясын тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдау 16 наурызда басталды.
Конкурстық іріктеу 2026 жылғы 13 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді. «Болашақ» стипендиясына құжат egov.kz порталы арқылы қабылданады. 2026 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасына бірқатар жаңалықтар енгізілді. 2026 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін 635 стипендия бөлінді. Оның ішінде бакалавриат бағдарламасы бойынша – 20 стипендия, магистратура бағдарламасы бойынша – 400 стипендия, докторантура бойынша – 50 стипендия, тағылымдамалар бойынша – 165 стипендия. Конкурстық іріктеу 2026 жылғы 13 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді. «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау egov.kz порталы арқылы және Астана қаласы, Сығанақ көшесі 70 мекенжайында орналасқан «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ кеңсесінің 5-қабатында 508-кабинетте (қолма-қол) жүргізіледі. Басқа қаладан келген үміткерлерге құжатты сенімхат арқылы тапсыру мүмкіндігі беріледі. Мемлекет академиялық оқуға, тағылымдамадан өтуге, ары-бері ұшуға, медициналық сақтандыруға, визалық алымдарға, оқу материалдарын сатып алуға жұмсалатын шығындарды жабады, сондай-ақ ай сайын стипендия төлейді. Үміткерлерге қойылатын талаптарды, басым мамандықтар тізбесін, университеттер мен ғылыми орталықтардың тізімін bolashak.gov.kz сайтынан көруге болады.