2026 жылдың 10-сәуір күні Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің (БҚИТУ) Салалық технологиялар институтының Көлік және технологиялар кафедрасында академиялық комитеттің жұмыс берушілермен бірлескен отырысы ұйымдастырылды.
Жиын барысында келесі оқу жылына арналған білім беру бағдарламалары мен элективті пәндер каталогы кеңінен талқыланды. Аталған кездесу оқу үдерісін жетілдіру, білім беру мазмұнын жаңарту және оны еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіру мақсатында өткізілді.
Отырысқа университеттің негізгі серіктес жұмыс берушілері – «Уральскагрореммаш» АҚ, БҚОФ «КАЖсервис» ЖШС және «AstanaRailwayServices» компаниясының «Орал вагон жөндеу депосы» ЖШС өкілдері қатысты. Кездесу барысында тараптар салалық кадрларды даярлау сапасын арттыру, өндіріс пен білім беру арасындағы байланысты күшейту мәселелерін талқылады.
Айта кету керек, БҚИТУ-дың Салалық технологиялар институтында академиялық комитет құрамы жыл сайын жаңартылып, бекітіледі. Бұл тәжірибе білім беру сапасын арттыруға, жұмыс берушілердің нақты сұраныстарын ескеруге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Көлік және технологиялар кафедрасы осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын жаңарту барысында жұмыс берушілердің ұсыныстары ескеріліп, заманауи талаптарға сай элективті пәндер енгізілуде.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар кафедраның білім беру бағдарламаларына қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, элективті пәндер каталогын жетілдіру бойынша нақты пікірлерін ортаға салды.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділік танытып, мазмұнды ұсыныстар білдіргені үшін алғыс білдірді.


