2026 жылдың 10 сәуірінде Салалық технологиялар институтының мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Ғылым қызметкерлері күніне арналған «Ғылым онкүндігі – 2026» шарасының салтанатты ашылуы болды. Айта кетсек, бұл кәсіби мереке дәстүрлі түрде 12 сәуірде — көрнекті ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың туған күнінде атап өтіледі.

Салтанатты жиын «Ару» би ансамблінің жарқын өнерімен басталды. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекболат Теміржанұлы Шакешев құттықтау сөз сөйледі. Ректор өз сөзінде ғылымның қоғамды тұрақты дамытудағы және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы шешуші рөлін атап өтті.

Іс-шараның құрметті қонақтары:

Абдукарим Рахимович Курбонов және Назарали Сафарович Салимов — халықаралық ынтымақтастық аясында келген Тәжік мемлекеттік коммерция университетінің ғалымдары.

Ғайса Хамедоллаұлы Қапаков — «Ауыл» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы аппаратының жетекшісі.

Шара барысында марапаттау рәсімі өтті. Ғылым мен білімді дамытуға қосқан үлесі үшін университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен серіктестері марапатталды. Тәжікстаннан келген қонақтарға БҚИТУ ректорының алғыс хаттары табыс етілді. Сондай-ақ бірқатар оқытушылар Батыс Қазақстан облысы әкімінің және Орал қаласы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Ғайса Хамедоллаұлы Қапаков құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы және «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Рахметоллаұлы Егізбаевтың атынан алғыс хаттарды табыс етті.

Мерекелік кеш студенттер мен шақырылған өнерпаздардың шығармашылық нөмірлерімен жалғасты.

«Ғылым онкүндігі» 13-24 сәуір аралығында өтеді. Бағдарлама аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, шеберлік сағаттары, зияткерлік ойындар мен дөңгелек үстелдер жоспарланған.

 

Бұл шара университеттегі ғылыми әлеуетті арттыруға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және жастарды зерттеу жұмыстарына тартуға бағытталған.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz