1 қыркүйек күні Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде жаңа оқу жылының басталуына арналған Білім күні салтанатты түрде аталып өтті.
Мерекелік шара Білім және менеджмент институтының оқу ғимараты алдында ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға университет табалдырығын алғаш аттаған 1-курс студенттері, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар мен құрметті қонақтар қатысты. Жаңа оқу жылының алғашқы күніндегі мерекелік көңіл күй мен ізгі тілектер шараға ерекше жылылық сыйлады.
Салтанатты жиында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ректоры техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Б.Т.Шакешев сөз сөйлеп, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Ол жастарға білім мен тәрбие жолындағы ізденістеріне табыс тілеп, сапалы білім алу, кәсіби біліктілікті арттыру және ел дамуына үлес қосатын бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ салтанатты шара барысында мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, биыл университетіміздің студенті атанған бір топ дарынды жасқа ерекше құрмет көрсетілді. Олардың мектеп қабырғасындағы жоғары оқу жетістіктері мен білімге деген ұмтылысы ескеріліп, университет ректорының арнайы грантының иегері атанғанын растайтын сертификаттар салтанатты түрде табысталды.
Білім және менеджмент институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.А. Раманова да университет қабырғасына жаңадан қадам басқан студенттерді құттықтап, оларға жаңа оқу жылында сәттілік пен толағай табыс тіледі. Сондай-ақ биыл жоғары нәтижелерімен ерекшеленіп, білім грантының иегері атанған үздік талапкерлерге алғыс хаттар табыстады.
Білім күні – тек жаңа оқу жылының басталуын білдіретін мереке ғана емес, студенттік өмірге қадам басқан жастар үшін жаңа мүмкіндіктер мен үлкен мақсаттарға бастайтын маңызды кезең. Алғашқы курс студенттері үшін бұл күн университетпен, оқытушыларымен және жаңа ортамен жақынырақ танысып, студенттік өмірдің жаңа парағын ашқан ерекше сәт болды.
Мерекелік шара барысында студенттер мен ұстаздарға ізгі тілектер айтылып, жаңа оқу жылының басталуына арналған көтеріңкі көңіл күй қалыптасты.
Қош келдіңіздер, 1-курс студенттері! Жаңа оқу жылы құтты болсын! Салтанатты жиын сонында 1 курс студенттеріне оқу ғимараты, кітапхана, дәріс кабинеттері, акт зал мен спорт кешені таныстырылды.




