Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті (БҚИТУ) құқық саласындағы әлеуметтік серіктестікті нығайту, кәсіби қауымдастықпен тұрақты байланыс орнату және болашақ заңгерлердің тәжірибелік даярлығын жетілдіру мақсатында Батыс Қазақстан облысы адвокаттар алқасының өкілдерін адвокаттар күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтады.
Университет атынан жылы лебіздер БҚО адвокаттар алқасының төрағасы — Калиев Ержан Насимуллиновичке, сондай-ақ өңірдің беделді қорғаушылары Сарсенова Тамара Балгабаевнаға, Мухтарова Аруна Болатовнаға, Кенжебаева Назгул Камешевнаға және Нұртаза Гулжан Амиржановнаға жеткізілді. Олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы жоғары кәсіби деңгейі, заң үстемдігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі және құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған жемісті қызметі үшін ерекше құрметке ие.
Адвокаттар қауымдастығы – құқықтық мемлекеттің негізгі институттарының бірі. Олар азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда, әділ сот төрелігінің жүзеге асырылуын қамтамасыз етуде, құқықтық көмек көрсетуде және қоғамдағы құқықтық сана-сезімді арттыруда маңызды рөл атқарады. Осы орайда, БҚИТУ академиялық процесінде тәжірибесі мол адвокаттардың қатысуын құнды деп санайды.
Университет пен адвокаттар алқасының өзара ынтымақтастығы оқу үдерісін тәжірибеге жақындатуға, студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға, құқықтық клиника, тағылымдамалар, практикалық тренингтер мен мастер-кластар арқылы білім сапасын арттыруға ықпал етіп келеді. Бұл серіктестік студенттерге құқықтық саладағы нақты жағдайларды талдауға, сот тәжірибесімен танысуға және кәсіби ортаға бейімделуге мүмкіндік береді.
БҚИТУ ұжымы адвокаттарды төл мерекелерімен құттықтай отырып, олардың жауапты да күрделі қызметінде толағай табыстар, кәсіби биіктер және елдегі құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталған еңбегіне сәттілік тілейді. Университет алдағы уақытта да адвокаттар алқасымен бірлескен бастамаларды кеңейтіп, құқықтық білім беру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жалғастыруға ниетті.


